Елорда маңындағы «Қазанат» атшабарында 7 маусымға белгіленген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылатын ауқымды республикалық бәйге жарысының басталу уақыты өзгерді.
Дүбірлі доданың салтанатты ашылуы 7 маусым күні кешкі сағат 17:00-де өтеді. Ашылу рәсімінен кейін бәйге жарыстары кезең-кезеңімен жалғасады.
Бәйге жарысының бас төрешісі Нұрлыбек Мұхамедияровтың айтуынша, уақыттың өзгеруі ауа райының күрт ысуына байланысты қабылданған.
«Ұлттық рухты асқақтататын дүбірлі бәйгенің ашылу салтанатын 7 маусым күні сағат 17:00-ге ауыстырдық. Бұл шешім ат иелері мен ұйымдастырушылардың келісімі негізінде қабылданды.
Себебі сол күні ауа температурасы +35…+38 градусқа дейін көтеріледі деп болжанып оыр. Біз үшін ең бастысы – шабандоздардың, сәйгүліктердің және көрермендердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету. Елорда тұрғындары мен қала қонақтарын ұлттық спорт мерекесіне қатысып, қазақ халқының төл мұрасы – бәйгенің қызығын тамашалауға шақырамыз», – деді ол.
Сарыарқаның сайын даласын дүбірге бөлейтін жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген таңдаулы тұлпарлар мен тәжірибелі шабандоздар үш қашықтық бойынша бақ сынайды.
9 шақырымдық «Құнан» бәйге, 16 шақырымдық «Топ» бәйге және 25 шақырымдық «Аламан» бәйге бойынша оза шапқан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақылармен қатар 1 бөлмелі пәтер және екі бірдей «Changan» автокөлігі табысталады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жүйрік тұлпарлар мен шабандоздарды тіркеу онлайн форматта жүргізіліп жатыр. Ал офлайн тіркеу 6 маусым күні «Қазанат» атшабарында сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін өтеді.
Мерекелік бәйге жарысына көрермендер үшін кіру тегін. «Қазанат» атшабарына LRT желісі арқылы, сондай-ақ №37, 42, 302, 303, 320, 323 және 501 қоғамдық көліктерімен жетуге болады.


