«Арғымақ» кешенінің заң, кадр және ұйымдастырушылық жұмыстар бөлімі басшысы Түкенов Әділхан Жеңісұлы Отбасы күніне орай отбасылық құндылықтар туралы пікірін білдірді:
– Отбасылық құндылықтардың ішінде, менің жеке пікірімше, ең бастысы – ұрпаққа дұрыс тәрбие беру. Дана халқымыз «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған. Бұл – әрбір ата-ананың басты арманы – баласының жақсы адам болып өсуі. Алайда жақсы адам болу – бір күнде пайда болатын қасиет емес. Оның негізін ең алдымен ата-ана өзі қалауы керек. Сол үшін ата-ана өзі мәдениеттілік танытып, сыпайы қарым-қатынаста болып, оғаш мінез-құлықтан аулақ болуы тиіс. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген аталы сөз осыдан қалған.
Өз отбасым туралы айтатын болсам, біз үшін ең басты қағида – имандылық. Себебі имандылық тәрбиесі – адамның ар-ұятына, адамгершілігіне, рухани байлығына негізделген тәрбиенің негізі. Сонымен қатар ұлттық тәрбиеге ерекше мән беремін. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, оны құрметтеу – ұрпақ алдындағы борышымыз.
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, наным-сенім, әдет-ғұрып, жоралғылар арқылы ұрпақты иманды, инабатты, намысшыл етіп тәрбиелеуге ұмтылды. Мен де осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, балаларымды ешкімнен кем қылмай, ұлттық тәрбие негізінде өсіруге тырысамын.
{gallery}news/05/15.05.25/01{/gallery}


