2025 жылдың 4 мамырында Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған республикалық бәйге турнирі өтті. Додада еліміздің 20 өңірінен келген 100-ге жуық жүйрік ат қатысты.
Жарыс 1200-ден 2000 метрге дейінгі қашықтықтарда өтті. Ұлттық спорттың дәстүрлі түрлері топ бәйге мен аламан бәйге де ұйымдастырылды.
Шілде айында «Елорда кубогы» және көкпардан ашық турнир өтсе, тамызда Конституция күніне арналған бәйге, қыркүйекте маусымның жабылуына орай көкпар сайысы өткізіледі.
Күзде және қыста Республика күні мен Тәуелсіздік күніне арналған конкур жарыстары жоспарланған.
Жылдың басты оқиғасына айналатын 30 мамыр мен 1 маусым аралығында «Арғымақ» атты ат-спорттық-сауықтыру кешенінде өтетін конкур бойынша Евразиялық лиганың Әлем кубогы кезеңі мен дрессурадан халықаралық турнир болмақ.
FEI - Халықаралық ат спорты федерациясының қолдауымен өтетін бұл жарыстарға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де шет мемлекеттерден 60-тан астам шабандоз қатысады.
Турнир халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, еліміздегі ат спортын дамытуға тың серпін бермек.


